Қазақстанда салықты кейінге қалдыру және бөліп төлеу тәртібі өзгерді

Қазақстанда салықты кейінге қалдыру және бөліп төлеу тәртібі өзгерді. Енді құжаттарда қателер анықталған жағдайда өтініш берушіге оларды түзетуге уақыт беріледі және бастапқы өтініш берген күн сақталады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Қаржы министрі Мәди Тәкиев салықтарды, алымдар мен өсімпұлдарды төлеуді кейінге қалдыру және бөліп төлеу тәртібін жаңартатын бұйрыққа қол қойды.

Негізгі өзгерістер қате жіберілген және құжаттары толық емес өтініштерге қатысты болды.

Мұндай жағдайда салықтық өтініштер цифрлық күту парағы арқылы қабылданады. Бұл ретте ұсынылған құжаттар өтініш берушіге қайтарылады және оған анықталған кемшіліктерді түзетуге уақыт беріледі.

Бұл кезең мемлекеттік қызмет көрсету мерзімінің жалпы уақытына есептелмейді. Егер өтініш беруші қателерді белгіленген мерзімде түзетсе, құжаттарды қабылдаған күн ретінде бастапқы өтініш берген күн есептеледі. Осыдан кейін өтінішті қарау мерзімі жалғасады.

Жалақысы аз бола тұра қымбат пәтер алған қазақстандықтар салық органдарының тексерісіне ілігеді

Жалақысы аз бола тұра қымбат пәтер алған қазақстандықтар салық органдарының тексерісіне ілігедіОқыңыз

Егер кемшіліктер белгіленген мерзімде жойылмаса, өтініш пен құжаттарды қабылдаудан бас тартылады.

«Мемлекеттік қызмет көрсетудің жалпы мерзімі өзгермейді. Салықтық өтініш түскен күннен бастап 10 жұмыс күні ішінде қаралады. Өтінішті Мемлекеттік кірістер комитетінің (МКК) аумақтық органдары, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы немесе eGov порталы арқылы беруге болады. Қызмет тегін көрсетіледі», – делінген ақпаратта.

Кейінге қалдыру немесе бөліп төлеу қанша мерзімге беріледі?

Жаңартылған ережеге сәйкес, төлемді кейінге қалдыру алты айдан аспайтын мерзімге, ал бөліп төлеу 36 айдан аспайтын мерзімге беріледі. Салық төлеушілердің жекелеген санаттары үшін басқа мерзімдер қарастырылған.

1500 АЕК-ке дейінгі қарыз бойынша (2026 жылы 6,4 миллион теңге) мүлікті кепілге қоймай және банк кепілдігін ұсынбай кейінге қалдыру немесе бөліп төлеу мүмкіндігі сақталады. Ол үшін салық төлеуші белгіленген талаптарға сай болуы керек.

Атап айтқанда, оның қолданыстағы кейінге қалдыру немесе бөліп төлеу мерзімі болмауы тиіс. Сонымен қатар салық төлеуші ретінде тіркелгеніне кемінде екі жыл өтуі қажет. Сондай-ақ салық төлеушінің қызметін тоқтата тұрған мәртебесі болмауы керек.

Өзгерістер Қаржы министрінің 2026 жылғы 30 қыркүйектегі бұйрығымен енгізілді. Құжат алғашқы ресми жарияланған күннен кейін 10 күнтізбелік күн өткен соң күшіне енеді.

Еске салсақ, осыған дейін Құрылтай депутаты Дәурен Ахметжанов Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғаринге жолдаған депутаттық сауалында шағын және орта бизнес үшін барлық өңірде бірдей салық мөлшерлемесін белгілеуді ұсынған еді. 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *