“Алматыдағы бағамен шамалас“: қазақстандықтар Жапонияға сапар алдындағы лайфхактарын бөлісті

Сапарға дайындықты неден бастау керек?
Қазақстандықтар Алматыдан Токиоға тікелей рейстің ашылуын көптен күтті, енді жақын арада Жапонияға жету әлдеқайда жеңілдейді. Алайда мәдениеті, тілі мен әдет-ғұрпы өзгеше елге сапарды алдын ала жоспарлаған жөн. Саяхатты неден бастау керек, ұшар алдында нені ескеру қажет және қандай жайттарға мән берген дұрыс? Бұл туралы жақында Жапонияда болып қайтқан қазақстандық қыздар Tengri Travel-ге айтып берді.
Турагент Әйгерім Қалымжанова дайындықты күн таңдаудан, бағытты айқындаудан және виза рәсімдеуден бастауға кеңес береді. Оның айтуынша, алғашқы сапарда бүкіл елді бірден аралап шығуға тырыспай, бірнеше қаланы таңдаған тиімді.
«Классикалық бағыт – Токио, Киото және Осака. Егер Фудзи тауын көргіңіз келсе, Нара немесе Хаконеге бір күндік сапарды, сондай-ақ Кавагутиконы қосуға болады. Көпшілік біле бермейтін нұсқалардың ішінен Канадзаваны ұсынамын: ол жер өте әдемі, тыныш және туристер де аз», – деді Қалымжанова.