АҚШ-та өмір бойы қаржылық тұрғыдан жайлы өмір сүру үшін қажет қаражат көлемі 2026 жылы 5,32 млн долларға жетті. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 4,1 пайызға жоғары. Бұл туралы Kazinform агенттігінің Вашингтондағы меншікті тілшісі FOX Business-ке сілтеме жасап, хабарлайды.

Investopedia талдауына сәйкес, 2025 жылы АҚШ-та жайлы өмір сүруге қажетті қаражат көлемі 5,11 млн доллар болған. Бір жыл ішінде бұл көрсеткіш 208 мың доллардан астам өскен.

Сонымен қатар өмір сүру құнының өсу қарқыны жалақы өсімінен асып түскен. АҚШ Еңбек статистикасы бюросының мәліметінше, маусым айына дейінгі 12 айда жеке сектордағы орташа жалақы 3,1 пайызға артқан.

Халық санағы бюросының деректеріне негізделген Investopedia талдауы бойынша, бакалавр дәрежесі бар және толық жұмыс күнімен еңбек ететін америкалық азамат 25 пен 64 жас аралығында салыққа дейін шамамен 3,6 млн доллар табыс табады. Әлеуметтік қамсыздандыру төлемдерін қосқанда, бұл сома 4,1 млн долларға жуықтайды. Алайда бұл көрсеткіш жайлы өмір сүруге қажетті қаражат көлемінен шамамен 1,2 млн долларға аз.

Тұрғын үй мен бала тәрбиесі шығындары өскен

Зерттеу нәтижесіне сәйкес, өмір бойғы тұрғын үй шығындары 2025 жылғы 1,18 млн доллардан 2026 жылы 1,27 млн долларға дейін өскен. Бұл – бір жылда 7,7 пайыздық өсім.

Есепте орташа құны 420 мың доллар болатын жеке үйді сатып алу, бастапқы 20 пайыздық жарна, жылдық 6,32 пайыздық мөлшерлемемен 30 жылдық ипотека, сондай-ақ сақтандыру, мүлік салығы, үйді күтіп ұстау және коммуналдық қызметтерге жұмсалатын қаражат ескерілген.

Бала тәрбиесі мен колледжде білім алуға кететін шығындар да айтарлықтай артқан. Бұл санат бойынша жалпы сома 2025 жылғы 876 092 доллардан 2026 жылы 953 763 долларға жетіп, 8,9 пайызға көбейген.

Екі жаңа автокөлікті сатып алу және оларды пайдалану шығындарын қамтитын көрсеткіш 0,5 пайызға өсіп, 1 205 627 долларды құраған. Есепке көлік құралдарын сақтандыру, техникалық қызмет көрсету, тіркеу және жанармай шығындары енгізілген.

Ал денсаулық сақтау саласына жұмсалатын өмір бойғы шығын керісінше, 0,2 пайызға төмендеп, 413 271 доллар болған.

Зерттеу АҚШ-та тұрғын үй, білім беру және бала тәрбиесіне жұмсалатын қаражаттың өсуі азаматтардың өмір бойғы қаржылық қажеттіліктерін арттырып отырғанын көрсетеді.