
Париж туралы арман, еуропалық университетке оқуға түсу және жоғары сән әлеміне ену — бұл көптеген адам үшін мінсіз көрініс. Дегенмен, Франция астанасындағы шынайы өмірдің өз ерекшеліктері мен қауіпсіздік ережелері бар. Алматылық студент Tengri Travel басылымына көшіп бару тарихы, оқудан алған әсерлері және Париждегі өмірдің қандай екені туралы айтып берді.
Алматыдан сән астанасына дейін
Нұрсәуле Алматы қаласының тумасы. Парижде білім алу жолы кездейсоқ шешім болған жоқ. Францияға көшпес бұрын оның өмірі бұл елмен тығыз байланысты болды: қыз бірнеше жыл бойы француз тілін үйреніп, француз және швейцариялық компаниялармен жұмыс істеген.
Нәтижесінде ол люкс индустриясындағы fashion-менеджмент және коммуникация саласы бойынша білім алу үшін Париж университетіне оқуға түсті.
Жарнама
«Мен осы жақтағы университетке түсу үшін Қазақстанда төрт жыл бойы француз тілін ынтамен әрі қарқынды оқыдым. Менің бүкіл өмірім қалай болғанда да Франциямен байланысты болды, соңында fashion-менеджмент және люкс саласындағы коммуникацияларды оқу үшін Парижге келдім», — дейді алматылық.
Парижде жүру қаншалықты қауіпсіз
Қазақстандық тамыз айынан бері Парижде тұрады. Оның айтуынша, қатардағы күндері өзін біршама жайлы сезінеді, әсіресе қаланың орталық аудандарында. Дегенмен, туристік орындарда, метро мен түнгі серуен кезінде барынша сақ болу қажет.
«Жалпы алғанда өзімді қауіпсіз сезінемін. Бірақ, әрине, метрода және Эйфель мұнарасы маңындағы туристік жерлерде өте мұқият болу керек. Ал түн ортасында серуендеу онша қауіпсіз емес», — деп бөлісті Нұрсәуле.
Оның бақылауынша, Парижде жеке заттарға Қазақстанға қарағанда мұқият қарау керек. Егер елде жүргенде ол дәмхана үстеліне сөмкесін немесе ноутбугін алаңсыз қалдыра алса, Францияда оларды әрдайым өзімен бірге алып жүруді жөн көреді.
«Мұнда заттарды әрдайым өзіңмен бірге алып кетуің керек, әйтпесе ұрлап кетуі мүмкін. Түн ортасында мүлдем серуендемеген дұрыс — әсіресе қыздарға», — деді ол.
Бұл ретте Нұрсәуле үнемі үреймен өмір сүрмейтінін және жан-жағына жалтақтап қарауды қажет деп санамайтынын атап өтті. Ол тек ұрлық қаупі жоғары орындарда мұқият болуға тырысады.
Францияда қалу әлде Қазақстанға оралу ма?
Нұрсәуленің оқуы бір жылға жоспарланған, бірақ ол аяқталғаннан кейін қыз Францияда қала алады. Нұсқалардың бірі — alternance: бұл студенттің бір мезгілде оқып, компанияда жұмыс істейтін оқыту форматы, ал жұмыс беруші бағдарлама шарттары бойынша оқу ақысын төлейді.
Әзірге қазақстандық ару мансабын қайда құратынын шешкен жоқ. Қазір ол үшін халықаралық тәжірибе жинақтау және сән индустриясының ірі компанияларында бағын сынап көру маңыздырақ.
«Қазақстанға қайтатынымды әзірге жүз пайыз шешкен жоқпын. Жақын арада оны нақты айта алмаймын. Қалай болғанда да шетелде тұрып, белгілі бір тәжірибе алғым келеді. Қазір fashion саласында болғандықтан, ірі компанияларда жұмыс істеп көргім келеді», — деп түсіндірді Нұрсәуле.
Оның айтуынша, болашаққа қатысты шешім университет бітіргеннен кейін ашылатын мүмкіндіктерге байланысты болады. Әзірге ол оқуын жалғастырып, француз өмірімен танысып, қауіпсіздік шараларын сақтауға тырысады.
Тағы оқыңыз: “Өлім соқпағы“ және жеті қала: қазақстандық Қытайға саяхаттауға қанша қаражат жұмсағанын айтты