Құндылықтың қайнар көзі – Абай мұрасы

Бүгінгі ақпараты көп алашапқын заманда адамды адам ретінде қалыптастыратын құндылықтың қайнар көзі – Абай мұрасы. Абайды оқып-тану – тек әдеби шығарманы оқу ғана емес, ол – өзіңді тануға, ойыңды, санаңды тәрбиелеуге, мінезіңді қалыптастыруға жетелейтін бағдаршам.  10 тамыз – Абай күніне орай өткен «Асыл сөзді іздесең, Абайды оқы, ерінбе» атты әдеби-танымдық кеш осы мақсатпен ұйымдастырылды. Талғар аудандық жастар ресурстық орталығында өткен іс-шараны Кеңдала ауылдық кітапхана ұжымы мен жастар ұйымдастырды.

Кешті ашып, мән-мағынасын жеткізген Кеңдала ауылдық кітапхана меңгерушісі Ризвангүл Токарзаева жан-жақты жабдықталған кітап көрмесіне шолу жасап өтті. Артынан «Құнанбай» фильмінен үзінді көрсетіліп, қатысушылармен ой-пікір алмасты.

Іс-шараның  негізгі спикерінің бірі болған «Сенімен Болашақ» республикалық қоғамдық бірлестігінің Алматы филиалының директоры Меруерт Мәулетқызы атаулы күнге орай Бірлестікте «Абай онкүндігі» бастау алғанын, оның негізгі мақсаты өткеннің ғана емес, бүгінгі қоғамның да рухани темірқазығына айналған Абайдың қара сөздері мен өлеңдерінде айтылған адамгершілік, әділет, ар-ождан, азаматтық көзқарастуралы ойлары мен тұжырымдарынан ой түю, бүгінгі уақытпен сабақтастыра жеткізу екендігін алға тартты.  Бірлестік құрылтайшысы Нұркен Асановтың демеушілігімен профессор С.Негимов жазған «Абай ғибратнамасы» кітабы негізінде ой қозғады.  Кітаптағы «Мінез – сауыт», «Сөз келісі»«Ар ойла», «Шын ақыл» секілді тағылымды ұғымдарының мәніне терең үңіліп, олардың бүгінгі қоғамдағы маңызы жөнінде ақпаратпен бөлісті. Абай шығармаларындағы адамның өзін-өзі жетілдіруі, білімге ұмтылуы, мінез тәрбиесі және азаматтық жауапкершілік мәселелері қазіргі жастар тәрбиесімен сабақтастырылып талданды.