«Бабалар сөзі» — 100 томдық

2014 жылы Франкфуртта өткен әлемдік кітап жәрмеңкесінде қазақ фольклорының 100-томдық «Бабалар сөзі» топтамасы әлем жұртшылығына таныстырылды. Оның 20 томы батырлар жырына, 13 томы тарихи жырларға арналған. Жетеуі діни, 13-і хикаялық дастандар. 8-і ғашықтық дастандар, 5-томы ертегілерден тұрады. Жинақта қазақ халқының ғасырлар бойы жинаған асыл мұрасы, тарихы, мәдениеті, салт-санасы, философиясы, педагогикасы, өнері түгел қамтылған.

Әуезов институты Қолжазба және текстология бөлімінен, ҚР ҰҒА-ның корреспондент мүшесі К. Матыжановтың басшылығымен «Бабалар сөзі» жүзтомдығы: мазмұндалған анықтамалық» атты жинақ «Дарын» баспасынан шықты. 

Кітапты құрастырып, «Бабалар сөзі» жүзтомдығына енген фольклорлық шығармалардың мазмұнын жазғандар Т. Әлбеков, Қ. Алпысбаева, Ж. Рақыш. Жауапты шығарушы Н. Мүрсәлімова қосымшаларды дайындады.

2004-2013 жылдары «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы аясында академик С. Қасқабасовтың басшылығымен «Бабалар сөзі» атты қазақ фольклорының жүзтомдық ғылыми басылымы жарияланған болатын. Анықтамалықта «Бабалар сөзі» жүзтомдығына енген фольклорлық мұралардың қысқаша мазмұны, жиналу, жариялану тарихы баяндалып, жинаушылар, жыршы-жеткізушілер мен жер-су атауларына қатысты мәліметтер берілген.

«Бабалар сөзі» жүзтомдығының мазмұндалған анықтамалығы фольклортанушы, әдебиеттанушы, мәдениеттанушы, дінтанушы ғалымдарға, жоғарғы оқу орындарының студенттеріне, магистрлер мен PhD докторанттарға, сондай-ақ рухани құндылықтарға қызығушылық танытатын қалың оқырманға арналған.

In:

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *